Уильям ТОМСОН, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Жаһандық байланыстар хатшылығы Еуразия басқармасының бастығы
– Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, соған сай экономика саласы да цифрландырылып жатыр. Бұл бағдарлама экономикамыздың дамуына қаншалықты ықпал етеді?
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жаһандық трендке сай келеді. Бүгінгі таңда цифрландыру – әлемдік экономиканың барлық саласында қарқынды дамып келе жатқан жүйе. Ақпаратты жинақтау, сақтау, сұрыптауға жұмсалатын шығын едәуір. Сол себепті адамды компьютер мен жаңа технологиялар алмастыра бастады, өзге бір дәуір келді. Қазақстан үшін ең алдымен өнімділікті арттыру қажет. Елдің экономикасын цифрландыру жаңа секторларға тың серпіліс беруі керек. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарына қатысты өзгерістерге әкелуі мүмкін. Себебі адамдардың орнын машиналар, роботтар мен жаңа технологиялар баспақшы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы цифрландырудан басталғаны дұрыс деп есептеймін. Себебі Мемлекет басшысы осылайша әлеуметтік қорғау, шеберліктің қалыптасуы, заңнамалық нарық сынды мәселелерге жауап береді. Цифрландыру дегеніміз – бір жерде немесе бір секторда ғана болып жатқан үрдіс емес. Цифрландыру дегеніміз – мемлекеттік және жекеменшік секторларда да, ауылдар мен қалалық жерлердің барлығында болатын үрдіс. Бұл өте тез жүретін күрделі трансформация десек те болады. Президент өз Жолдауында айтқан осы бағдарлама экономикада оң өзгерістерге әкелері сөзсіз.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында дамудың жаңа сапасына көшу, яғни төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жөнінде тапсырма берді. Қазақстан оны неден бастауы керек?
– Көпшілік жаңа технологиялардан саяси көзқарас іздейді. Бұл дұрыс, себебі бүгінгі қоғамда басты назар аударатын нәрсе де осы жаңа технологиялар. Түрлі қоғамдық іс-шаралар мен қанатқақты жобаларды іске асыру үшін жаңа құрылғыларды пайдаланатынымыз сөзсіз. Осы тұрғыда Үкімет жаңа технологияларға қатысты барлық жағдайды жасауы керек деп ойлаймын. Адамдар жаңа аппараттарды ойлап тауып, оларды қолдана бастады. Ал жеке тұлғалардың осы бағыттағы бастамалары кеңінен қарастырылуы керек. Қазақстан болса бұл мақсатта үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен арада іскерлік орта мен инвестициялық климатты қалыптастыру мақсатында келіссөздер жүргізіп келеді. Шетелдік инвестицияларға жол ашты. Бұл істе ең маңыздысы – шетелдік инвестиция, яғни сыртқы инвестиция. Өйткені ол технологиялық тәжірибемен қатар, экономикаға қыруар қаржы да әкеледі.
– Қазақстан былтыр ЭКСПО көрмесін өткізді. Оның тақырыбы болашақтың энергиясына, яғни баламалы энергияға арналды. 2030 жылға дейін баламалы энергия көзін 30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, осы қадамды қалай бағалайсыз?
– ЭКСПО көрмесі Қазақстан үшін тарихи жоба болды. Біз де оған қатыстық. Көрме алаңында біздің де павильонымыз болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы көрмені және оның тақырыбын барынша құптады, қолдады. Қазақстанның 2030 жылға дейін жаңғырмалы энергия көзінің 30 пайызына қол жеткіземіз деп отырғанын жігерлі жоспар дер едім.
Биыл Қазақстан біздің ұйыммен бірлесіп баламалы энергияға қатысты 10 жобаны бастамақшы. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы осындай тақырыптардағы бастамаларды үнемі қолдап келді. Бұл өте маңызды, себебі жаңғырмалы энергия дегеніміз тек жаңа «жасыл» технологиялар емес. Технологиялар үнемі өзгеріп, ауысып, жаңарып тұрады. Ал менің айтып отырғаным – қоршаған ортаға құйған инвестиция. Қоршаған орта немесе табиғатқа құйған қаржы инвесторларды қашанда сенімді етеді. Мәселен, 2018 жылы бір жобаға қаржы салсам, ол өзін 35 жыл бойы тұрақты түрде ақтап тұрады. Себебі бұл салада салық та, инвестиция жағдайы да тұрақты бола бермек.
– Осы ЭКСПО көрмесі өткен жерде «Астана» xалықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Кейбір сарапшылар болашақта қаржылық инвестициялық күштер Азияға көшеді деген болжам жасауда. Осы тұрғыда, Қазақстан Азиядағы ықпалды қаржы орталығына айнала ала ма?
– Қаржының қай жаққа және қашан баратынын білсем, өте ауқатты кісі болар едім. Иә немесе жоқ деген жауап бере алмаймын. Тек мынаны ғана айтайын. Ақша – өте мобильді. Адамдарға қарағанда, күнделікті іске қарағанда, мобильді болып келеді. Яғни бұл процесс тиімді жұмыс істеу үшін жасалған жағдайға сай жүріп жатады. Қазақстанның осы нарықта бәсекеге түспеуіне ешқандай себеп жоқ. Қазақстанның халықаралық қаржы орталығын құру жобасы өте дұрыс шешім. Себебі сіздер ағылшын заңнамасын қабылдайсыздар, бұл үлкен артықшылықтарыңыз болады. Олай дейтінім, халықаралық төрелік келісімдердің жартысынан көбі осы заң бойынша жүзеге асырылады. Бұл заңнамалық жүйе қаржы әлемінде кеңінен қолданылады. Қаржылық сотты тарту жеңіл инфрақұрылым болып есептеледі. Осы ретте орталық экспорттың бір бөлшегі ретінде саналады. Яғни, заңнаманың экспортын қабылдайды. Мысал үшін, Қытайды алайық. Бүгінде қаржы орталығы осы мемлекет болып отыр. Онда инвесторлар түрлі келісім жасасып, қаржылық инфрақұрылымын ауыстырып жатыр. Жалпы, инвесторлар шарт пен жағдайы тұрақты, сенімі жоғары жерде ғана жұмыс істей алады. Қазақстан өзін сенімді серіктес ретінде дәлелдей алса, Ұлы Жібек жолының қаржы орталығына айналмауына еш себеп жоқ деп ойлаймын. Сұрақтың басында ақша мобильді деп едім ғой. Нью-Йорк, Токио, Лондон сынды қалаларда оның мобильділігі жақсы көрінеді. Осы ретте мобильді ақшаға көшу үшін Қазақстан тартынып қалмауға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»